Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Қазақша рефераттар және презентациялар

Сенбі, 18.05.2024
Главная » 2013 » Желтоқсан » 10 » Қазақстан футболы
18:32
Қазақстан футболы

Жоспар:

1)    Қазақстан футболы:

2)    Қазақстан футболы тарихы:

3)    Футбол ережесінің хроникасы:

4)    Тәуелсіз Қазақстан футболы:

5)    Ақтөбе:

·        Ақтөбе тарихы:

·        Бұрынғы аттары:

·        Жетістіктері:

    6)Қолданылған әдебиет:

 

 Қазақстан футболы

Футбол Қазақстанда ең әйгілі спорт түрлерінің бірі саналады. Қазақстандық футболдың басқарушы органы болып 1992 жылы құрылған Қазақстан Футбол Федерациясы табылады. 1994 жылы Қазақстан FIFA-ның толыққанды мүшесі атанды. 2001 жылға дейін Азиялық конфедерацияға кірген болса, 2002 жылы UEFA құрамына өткен.

2002 жылдың 25 сәуірінде Қазақстан UEFA-ның 52-ші мүшесі болып қабылданды. Қазақстан футбол федерациясын Еуропа футбол қауымдастықтары одағы құрамына қабылдау туралы шешім Стокгольмде өткен УЕФА конгресінде бекітілген. Содан бері бұл күн Қазақстан футболы күні ретінде аталып өтіледі. Ярыш футбол клубы, Семей қаласы, 1914 жыл. Қазақстанның алғашқы футбол клубтары 1913 жылы Семей қаласында пайда болған.

Тарихы:

1913-14 жылдар

Семей қаласында ССК, "Олимп”, "Ласточка”, "Орлята” және "Ярыш” атты алғашқы қазақстандық командалар пайда болды. Кейбір деректерде аяқ доп ойынын Орталық Азия мен Сібір бойынша ірі сауда орталықтарының бірі саналған Семей қаласына ағылшын саудагерлері алып келгені айтылады.

Кезінде «Ярыш» футбол клубының сапында қазақ атын әлемге «Абай жолы» роман-эпопеясымен танытқан әдебиет алыбы Мұхтар Омарханұлы Әуезов (1897 - 1961), өнер көрсеткен. Жас Мұхтармен бірге жасыл алаңға шыққан отандық футболдың қарлығаштары Ахметсәлім Кәрімов (капитан), Қасымхан Мұхаммедов, Салах Хисматуллин, Зиятдин Рыспаев, Мұхаммед Сайдашев, Юнус Нигматуллин, Әміржан Сыздықов, Ғабдулхан Ғаббасов, Мұхамедулла Құрманов, Гусман Ямбушев, Сабыржан Ахмедшин секілді жеткіншектер біздің елде бұл спорт түрінің кең таралуына жол ашты. Семейлік футбол жылнамашысы Евгений Один тапқан деректерге сүйенер болсақ «Ярыш» халықаралық бәсекеге қатысқан алғашқы команда болып есептеледі. Әңгіме «Ярыштың» Семей қаласындағы Бірінші дүниежүзілік соғыс тұтқындарынан жасақталған командаға қарсы өткізген кездесулеріне қатысты. Әскери тұтқындар арасында біздің командаға қарсы 1912 жылғы Олимпиада ойындарының екі қатысушысы өнер көрсеткен. Қазақстандық футболдың қарлығаштары алғашқы ойындарын Қазан төңкерісіне дейін күз сайын өткізілетін атақты Семей жәрмеңкесі өтетін алаңқайда өткізіп келді.

1971 жыл:

Қазақстанның клубтық футбол тарихындағы ең ірі жеңісі тіркелген жыл. Алматылық "Қайрат” Кеңес Одағы клубтарының арасында алғаш болып Теміржолшылардың Халықаралық Спорттық Одағы Кубогін жеңіп алды. Ақтық сынға барар жолда алматылықтар Кошицелік «Локомотивті» (Чехия) үйде 4:1, сырт алаңда 1:0 есебімен тізе бүктірді. Содан кейін біздің команда Алматыда софиялық "Славиядан” (Болгария) 1:3 есебімен жеңіліп қалғанымен, сырт алаңда 3:0 есебімен жеңіске жетіп, финалда Бухаресттің "Рапидімен” кездесіп Румынияда өткен кездесуде 1:1 нәтижесіне қол жеткізді. Ал Алматының Орталық стадионында 32 мың жанкүйер тамашалаған тарихи кездесуде "Қайрат” 1:0 жеңіске жетіп, мәртебелі жүлдені ұтып алды.

Алматылық "Қайраттың” қорғаушысы Сейілда Байшақов "Смена” жастар апталығы жүргізген сауалнама қортындысы бойынша КСРО чемпионатының жоғарғы дивизионындағы «Үздік жаңа есім» болып танылды.

1973 жыл:

Қазақстан жастар құрамасы Бүкілодақтық "Переправа” турнирінің күміс жүлдегері атанды.

 

 

1976 жыл:

Алматылық "Қайрат” қазақстандық футбол тарихында алғаш рет КСРО бірінші лига клубтарының чемпионатында жеңіске жетті.

1977 жыл:

Алматылық "Қайраттың” қорғаушысы Сейілда Байшақов қазақстандық футболшылар арасында бірінші болып КСРО құрамасына шақырту алды. Футболшы Кеңес Одағы құрамасы сапындағы алғашқы матчын 1978 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу турнирі аясында Будапештте Венгрия құрамасына қарсы өткізді.

1988 жыл:

Алматылық "Қайрат” КСРО Федерация Кубогінің жеімпазы атанды. Кишиневтің Республикалық Стадионында өткен финалдық кездесуде алматылықтар бакулік "Нефтчиді” 4:1 есебімен тізе бүктірді.

1989 жыл:

Қазақ КСР Футбол ассоциациясы құрылды.

Футбол ережесінің хроникасы:

 

• 1863 жылы футболдың алғашқы ере­желері қабылданды. 13 бөлімнен тұрған ере­женің үш бөлімі допты қолмен ұстауға болмайтындығына арналды.

 

• 1871 жылдан бастап, қақпада қақпа­шы тұра бастады. Оған дейін соңғы шепте қалған кез келген футболшы қақпашы болып кете беретін. Сол жылы алаң көлемі 180х90 болып бекітілді. Сондай-ақ бұрыш­тама добы енгізілді.

 

• 1874 жылдан бастап футболшылар қор­ғаныс «шитоктарын» кие бастады. Сонымен қатар айып доптары белгіленетін болды.

 

• Алғашқы төрешілер 1873 жылы пайда бола бастады.

 

• 1878 жылдан бастап төрешілер ысқы­рық­ты пайдаланатын болды. Бұған дейін олар ауызбен ысқыратын немесе қоңы­рау­дың көмегіне жүгінетін.

 

• 1887 жылы ойынға «офсайд» түсінігі ен­гізілді.

 

• 1890 жылдан бастап қақпаға тор орна­тылды.

 

• 1891 жылы қапталдағы төрешілер пай­да болды.

 

• 1905 жылға дейін қақпашылар 11 метр­лік айып добы кезінде футболшының алдынан жүгіріп шығуға құқы болған. 1905 жылы бұған өзгеріс еніп, қақпашы пе­нальти кезінде орындаушының аяғы доп­қа тимей тұрып қозғалмау керек бол­ды.

 

• 1924 жылдан бастап бұрыштамадан гол соғуға рұқсат берілді.

 

• 2003 жылы футболшыларға ойын кезінде немесе гол соғылғанда жейдесін шешуге тыйым салынды.

Тәуелсіз Қазақстан футболы:

1992 жылы Қазақстан Республикасының Футбол ассоциациясы болып қайта құрылды. Дәл осы жылы Қазақстан елі ФИФА мен АФК-ға жартылай мүше болды. Қазақстанның егемен шаңырағы астында алғашқы Қазақстан чемпионаты мен ҚР-сының Кубогі өтті. Екі турнирде де алматылық «Қайрат» озып шықты. Екі жыл өте ФИФА мен АФК -ның толық мүшелігіне қабылдандық.

1999 жыл. 1998 жылдың футбол маусымын қорытындылаған ФИФА Қазақстанның футболын өз дамуында айтарлықтай жетістікке жеткен әлемдегі 10 елдің қатарына енгізді.

 

Қазақстанның футболдан құрама командасы. 2013 жыл

Қазақстанның футболдан құрама командасы. 2013 жыл

2000 жылы Қазақстан Республикасының Футбол ассоциациясы атауы Қазақстанның Футбол Одағы деп өзгертілді. 2000-2001 жылдар халық демін тарта, не болар екен деп күткен уақыт. 2000 жылдың 21-қаңтары мен 2001-дің 21-қаңтарында ҚФО-ның президенті Рахат Әлиев ФИФА басшысы Йозеф Блаттер және УЕФА-ның сол кездегі президенті Леннарт Юханссонмен кездеседі. Мәскеуде өткен бұл жүздесуде ҚФО-ғы УЕФА-ның құрамына өтуге ниетті екендігін білдіреді. Бұл — бұған дейін АФК-да ойнап келген Қазақстан, енді ол Конфедерациядан шығып Еуропаның футбол қауымдатығына өтпек деген сөз. Юханссон мен Блаттер: «Өтсең өт, бірақ алдымен АФК-ның ойын біліп алайық» дегендей сыңай танытады. АФК болса, «Қазақстан өз таңдауын жасауда ерікті» деп қысқа қайырады. Сонымен, Азия футболынан кеткен Қазақстан Футбол Одағы 2002 жылдың 25-ші сәуірінде УЕФА-ның құрамына 52-ші мемлекет ретінде кірді. Міне, осыдан кейін Қазақстан футболының азулы клубтар арасындағы өмірі басталды.

Еуропа футболы-өзіндік жүйеге түскен, мәдениеті қалыптасқан, одан арысы үлкен ақша айналатын орта екендігімен ерен. Онда артық қадам жасап қою деген жоқ, Сан мың тәжірибені өткеріп, әбден ысылып алған футбол менеджменті бар. Ондағы бір ойында көрермен жанкүйерлердің кіру билетінен түсетін ақшаның өзі орасан. Сол тұстағы тегін кіретін ойынына көрермен жинай алмайтын қазақстандық клубтар үшін бұл деген алынбас асу болатын. Бертінге дейін қазақстандық клубтар бірде бір лиганың топтық кезеңі тұрмақ, плей-офф ойындарына да өте алмай келді. Үлкен есеппен ұтылуды ғана білетін. Қазақ көрермені футболдан көңілі қалып, «ее сол ма » деп селқос қана үн қатып қоя салды. УЕФА сапында 10 жыл жүріп, өз жанашыр жанкүйерін жоғалтқан қазақ футболы 11-ші жыл дегенде көптің назарын өзіне аударды.

Айтпақшы, ғасыр толған қазақ футболы Еуропа лигасы мен Чемпиондары лигасының плей-офф кезеңдеріне де жетті.

 

БАТЭ мен албаниялық «Скендербеу» клубтарын ұтқан қарағандылық «Шахтер» плей-оффта шотландиялық «»Сельтикпен» ойнайды. Ұтса, топқа өтеді. Ұтылса, Еуропа лигасында ойынын жалғастырады.

 

Ал, «Ақтөбе» болса, Еуропа лигасы іріктеуінің үшінші кезеңінде исландиялық «Брейдабликті» пенальтимен жеңді. Сөйтіп, жеребе бойынша Украинаның «Динамо Киевімен» түсті.

Екі клубымызға да жеребе жолдас болмады дейтіндер де бар. Дегенмен, осындай деңгейге жеткен «Шахтер» мен «Ақтөбе» екеуі де осал емес. Барын салып, қарсыласының жанын шығарады. Соған сенім мол.

 

Айтпақшы, аз күн бұрын біздің ұлттық құрама Астанада Грузиямен жолдастық кездесу өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Бұған дейін Грузияны аттай алмай жүрген біздікілердің осы жолы мерейі үстем болды.

 

Бұл қазақ футболының 100 жылдық мерейтойындағы елеулі жетістік, бөрікті аспанға ататын сәт.

Спорт — әлдекімдерге үлкен ақша, ал халық үшін рух пен отаншылдықтың бастауы. Әлемдік аренада өз елінің аты аталып, жеңісі тойланғанын көру — Қазақстанға абырой, халқына медет!

Актөбе футбол клубы - ел мақтанышы!

«Ақтөбе ФК» — Қазақстан Премьер Лигасында ойнайтын қазақстандық футбол клубы. Ақтөбе қаласының Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионы клубтың базасы болып табылады. Стадион 1975 жылы ашылған, сыйымдылығы - 13500 орын.

Ақтөбенің КСРО кезіндегі тарихы:

1936 жылы ақтөбелік «Динамо» командасы КСРО кубогінің бірінші айналымына қатысып, 1/64 финалда ЦДКА клубымен ойнап 0:4 есебімен ұтылып қалды. Осыдан кейін Ақтөбедегі «үлкен» футбол тарихы 30 жылға үзілді. Алғашқы, нағыз үлкен жетістік ақтөбелік футболшыларға 1966 жылы келді. «Ақтөберентген» зауытында құрылған команда қазан айында Жезқазған қаласында өткен финалда Қазақ КСР-ың чемпионы болды.

«Ақтөбе» футбол клубының ресми тарихы 1967 жылдан бастау алады. «Актюбинец» командасына шеберлер командасы статусы берілді. Құрылған команда КСРО-ның төменгі дивизиондарында 3 маусым ойнап, 7 жыл көзден ғайып болды. «Актюбинец» КСРО чемпионаттарында 24 жыл ішінде барлығы 19 рет қатысты (1967–1969 – «Б» класы; 1976–1991 – 2 лига). КСРО кубогіне қатысуы туралы әртүрлі пікірлер бар: біреулер «Актюбинец» ешқашан кубок ойындарына қатыспаған десе, кейбіреулер клубтың 1967/68 маусымында, яғни өзінің алғашқы «кәсіби» маусымында, КСРО кубогіне қатысқанын айтады.

КСРО чемпионаттарында команда екінші лигада өз аймағында екі рет жеңіске жетті. «Актюбинец» бірінші рет табысқа 1981 жетті, өзінің тарихында алғашқы рет 2-ші лиганың 7-ші аймағында чемпион болды. Бұған дейін 1979, 1980 жылдарда екі рет 3-ші орын алды. Команда 24 рет жеңіске жетіп, 4 ойында тең ойнап, 4 ойында жеңіліс тауып, қарағандылық Шахтерді 3 ұпайға озды. Бірақ, екінші лиганың финалдық додасында ақтөбелік футболшылар бірінші лигада жүлдеге ие бола алмады.

Келесі үлкен табыс 10 жылдан кейін келді. Соңғы КСРО чемпионаты жылында «Актюбинец» екінші лиганың 8-ші республикалық аймағының ең үздік командасы болды, және бұл жеңіс өте тарихи жеңіс болды – «Актюбинец» КСРО тарихында өз аймағының соңғы жеңімпазы атанды.

Кеңес Одағының ыдырауы көптеген спортшылар мен спорттық қоғамдардың өміріне әсер етті, бірақ, дәл осы оқиғаның арқасында «Актюбинец» лезде бірнеше деңгейге көтеріліп, Қазақстан чемпионатының Жоғарғы лигасында пайда болды.

КСРО чемпионаттарында «Актюбинец» 698 матч ойнады, олардың ішінде 300 жеңіс, 130 тең ойын, 268 жеңіліс тапты. Доп айырмашылығы — 842-733. «Актюбинец» КСРО чемпионаты ойындарындағы алғашқы жеңісін 1976 жылдың 2 мамырында тойлады. Матч Орталық стадионда ферғаналық «Нефтяник» командасына қарсы өтті, голдың авторы Владимир Коробков. Бұл ақтөбеліктердің өз алаңында соққан алғашқы голы болды. Ақтөбеліктердің алғашқы «хет-тригі» екінші лигада 1976 жылдың 4 қыркүйегінде шымкенттік «Металлург» командасына қарсы өткен матчта болды (4:2). Бұл ойында Владимир Прошин қонақтардың қақпашысын өз қақпасынан 3 рет допты алып шығуына мәжбүр етті. «Актюбинецтің» ең төменгі орны − 21 (1969). Ең ірі жеңісі − 10:0 (Болат, Теміртау, 1990). Ең ірі жеңілістері − 0:5 (Восток, Өскемен, 1983) және 1:6 («Нефтяник», Ферғана, 1976; Восток, Өскемен, 1982). «Актюбинецтің» еншісінде Вьетнам (3:2, 1980 ж.) және Лаос (6:2, 1981 ж.) құрамаларына қарсы өткізілген екі халықаралық матч бар.

ҚР кезіндегі Ақтөбе:

Ел тәуелсіздікке қол жеткізген соң, команда КСРО чемпионатының 4-ші дивизионынан Қазақстанның Суперлигасына қадам басты. Бірақ, алғашқы қадамы сәтсіз болды. Команда 1992–1997 жылдарда Қазақстан чемпионатында 9−14 орындарды иеленіп жүрді. Тек, жалғыз табыс 1994 жылы болды, команда ұлттық біріншілікте 4-орын алып, Қазақстан Кубогінің финалына шықты. Алматы қаласындағы республикалық орталық стадионда өткен финалда өскемендік Востоктан 0:1 есебімен жеңіліс тапты.

90-шы жылдардың ортасында Қазақстанда қалалардың бұрынғы атауларын қайтару үрдісі болды. Қалаға Ақтөбе деген тарихи атауы беріліп, «Актюбинец» өзінің өмір сүруін тоқтатып, 1996 жылы «Ақтөбемұнайға» жол берді. Бірақ, бұл атаумен команда бар болғаны бір жыл өмір сүрді, және команданың атауы «Ақтөбе» деп өзгертілді. Тіпті, 1997 жылы Жоғарғы лига командалардың санының қысқартылуына байланысты «Ақтөбе» Бірінші лигаға түсіп қалып, Жоғарғы лигаға жаңа ғасырда қайта оралды. Қайта жаңару 2000 жылы команда «Ақтөбе-Ленто» атауымен Қазақстан чемпионатының Бірінші лигасын жеңген кезде болды (атап өтетін жайт, команда бұл лигада бар болғаны 11 матч өткізіп, 8 ойында жеңіп, 3 ойында ұтылды). Бұл жетістік команданың Суперлигаға қайта оралуына мүмкіндік берді. 2001 жылы Суперлигада 8-орын алып, келесі 3 маусымда (2002–2004) 4-5 орындарды иеленіп, команда қазақ футболының мықты клубтарының қатарына нық жақындай түсті. Келесі маусымда команда атауынан «Ленто» сөзі алынып, клуб қазіргі уақытқа дейін «Ақтөбе» атауымен өнер көрсетіп келеді.

2005 жыл команда үшін ең табысты жыл болды, клуб қостанайлық «Тобылды» 1 ұпайға озып, алғаш рет өз тарихында Қазақстан чемпионы атағын иеленді. Бұл жеңіс командаға Достастық кубогының 14-ші сайысына қатысуға мүмкіндік берді. Додадағы «Ақтөбенің» қарсыластары төмендегі командалар болды: «Металлург» (Лиепая, Латвия); «Вахш» (Қорған-Төбе, Тәжікстан); «Нефтчи» (Баку, Әзірбайжан). «Ақтөбе» өз тобынан шыға алмай, доданы топтық кезеңде аяқтады.

Достастық кубогынан басқа «Ақтөбе», чемпионатта чемпион болғанының арқасында, УЕФА Чемпиондар Лигасында бірінші квалификациялық кезеңнен бастауға жүлде алды. Жеребе тарту нәтижесінде «Ақтөбенің» қарсыласы болып тағы да Лиепая қаласының «Металлург» клубы болды. Бірақ, 2 матчтың есебін қоса есептегенде «Ақтөбе» 1:2 есебімен жеңіліс тауып, Чемпиондар Лигасымен қош айтысты.

2006 жылғы Қазақстан чемпионатында «Ақтөбе» негізгі қарсыласы «Астанадан» 4 ұпайға қалып қойып, 2-ші орын алды. Команда Қазақстан Кубогында да 1/8 финалда қосымша белгіленген уақытта Петропавл қаласының Есіл-Богатырь клубынан 0:1 есебімен жеңіліс тауып, жарыстан тыс қалды. Бірақ, команда Достастық кубогында ойнауға мүмкіндік алды, себебі ел чемпионы «Астана» бұл додада ойнаудан бас тартты. Бірақ, ақтөбеліктер топтық кезеңнен өте алмай, додамен қош айтысты.

«Ақтөбе» жаңа бапкер Владимир Мухановтың қол астында 2007 жылы екінші рет чемпионаттың жеңімпазы атанды.

Бұрығы аттары:

Актюбинец (1967 – 1995)

Актөбемұнай (1996)

Актөбе (1997)

Актөбе-Ленто (2000-2004)

Ақтөбе (2005 жылдан бері)

Жетістіктері:

Қазақстан чемпионы (5): 2005, 2007, 2008, 2009,2013

Қазақстанның қола жүлдегері(2): 2011,2012

Қазақстанның күміс жүлдегері (2): 2006, 2010

Қазақстан кубогының иегері (1): 2008

Қазақстан супер кубогының иегері (2): 2008, 2010

Қазақстан бірінші лигасының чемпионы (1): 2000

Достастық кубогының финалисті (2): 2009, 2010

 

Қолданылған әдебиет:

1)    Fc-aktobe.kz

2)    Kff.kz

3)    Nur.kz

4)    kk.Wikipedia.org

Просмотров: 4897 | Добавил: Хан | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: