Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Қазақша рефераттар және презентациялар

Сенбі, 18.05.2024
Главная » 2013 » Сәуір » 6 » Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамыз Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамыз
13:57
Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамыз Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамыз

62-бап

1. Парламент Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар Қазақстан Республикасының заңдары, Парламенттiң қаулылары, Сенат пен Мәжiлiстiң қаулылары түрiнде заң актiлерiн қабылдайды. 
2. Республиканың заңдары Республика Президентi қол қойғаннан кейiн күшiне енедi. 
3. Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiк даусымен енгiзiледi. 
4. Конституциялық заңдар Конституцияда көзделген мәселелер бойынша әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен қабылданады. 
5. Парламент пен оның Палаталарының заң актiлерi, егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады. 
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) 
6. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері бойынша кемінде екі оқылым өткізу міндетті. 

7. Республиканың заңдары, Парламент пен оның Палаталарының қаулылары Конституцияға қайшы келмеуге тиiс. Парламент пен оның Палаталарының қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиiс. 
8. Республиканың заң және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлеу, ұсыну, талқылау, күшiне енгiзу және жариялау тәртiбi арнаулы заңмен және Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен реттеледi. 
ҚР Конституциялық Кеңесінің 03.07.00 ж. N 15/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз 
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 63-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) 


63-бап

1. Республика Президенті Парламент палаталары төрағаларымен және Премьер-Министрмен консультациялардан кейін Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарата алады.
2. Парламентті және Парламент Мәжілісін төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ осының алдындағы таратудан кейінгі бір жыл ішінде таратуға болмайды. 
 

V БӨЛIМ 
ҮКIМЕТ


64-бап

1. Үкiмет Қазақстан Республикасының атқарушы билiгiн жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесiн басқарады және олардың қызметiне басшылық жасайды. 

2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) 
2. Үкімет алқалы орган болып табылады және өзінің бүкіл қызметінде Республика Президентінің алдында жауапты, ал Конституцияда көзделген жағдайларда Парламент Мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты. 
3. Конституцияның 57-бабының 6)-тармақшасында көзделген ретте Үкiмет мүшелерi Парламент палаталарына есеп бередi. 
4. Үкiметтiң құзыретi, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртiбi конституциялық заңмен белгiленедi.
65-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентi Үкiметтi Конституцияда көзделген тәртiппен құрады. 
2. Республика Премьер-Министрi тағайындалғаннан кейiнгi он күн мерзiм iшiнде Премьер-Министр Үкiметтiң құрылымы мен құрамы туралы Республика Президентiне ұсыныс енгiзедi. 
3. Үкiмет мүшелерi Қазақстан халқы мен Президентiне ант бередi.

ҚР 07.10.98 ж. N 284-1 Заңымен 66-бап өзгертілді 


66-бап

Қазақстан Республикасының Үкiметi: 
1) мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады; 
2) Парламентке республикалық бюджеттi және оның атқарылуы туралы есептi ұсынады, бюджеттiң атқарылуын қамтамасыз етедi; 
3) Мәжiлiске заң жобаларын енгiзедi және заңдардың орындалуын қамтамасыз етедi; 
4) мемлекеттiк меншiктi басқаруды ұйымдастырады; 

5) Республиканың сыртқы саясатын жүргiзу жөнiнде шаралар әзiрлейдi; 
6) министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiне басшылық жасайды; 

7) Республиканың министрлiктерi, мемлекеттiк комитеттерi, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдары актiлерiнiң күшiн толық немесе қолданылу бөлiгiнде жояды немесе тоқтата тұрады; 
8) Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады; 
9) алынып тасталды 
10) өзiне Конституциямен, заңдармен және Президент актiлерiмен жүктелген өзге де қызметтердi орындайды. 
ҚР Конституциялық Кеңесінің 17.03.99 ж. N 4/2; 12.04.01 ж. N 1/2 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз 


67-бап

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi: 
1) Үкiмет қызметiн ұйымдастырып, оған басшылық жасайды және оның жұмысы үшiн дербес жауап бередi; 

2) 2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара) 
3) Үкiмет қаулыларына қол қояды; 

4) Үкiмет қызметiнiң негiзгi бағыттары жөнiнде және оның аса маңызды барлық шешiмдерi жөнiнде Президентке баяндап отырады; 
5) Үкiмет қызметiн ұйымдастыруға және басшылық жасауға байланысты басқа да қызметтердi атқарады.

ҚР 07.10.98 ж. N 284-1 Заңымен 68-бап өзгертілді 

 

68-бап

1. Үкiмет мүшелерi өз құзыретi шегiнде шешiмдер қабылдауда дербестiкке ие әрi өздерiне бағынысты мемлекеттiк органдардың жұмысы үшiн Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң алдында жеке-дара жауап бередi. Үкiметтiң жүргiзiп отырған саясатымен келiспейтiн немесе оны жүргiзбейтiн Үкiмет мүшесi орнынан түсуге өтiнiш бередi не ол лауазымнан босатылуға тиiс.
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) 
2. Үкімет мүшелерінің өкілді органның депутаттары болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерді қоспағанда, өзге де ақы төленетін жұмысты атқаруға, кәсіпкерлік іспен шұғылдануға, заңнамаға сәйкес өздерінің лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ.. 

 

69-бап

1. Қазақстан Республикасының Үкiметi өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар қаулылар шығарады. 
2. Республиканың Премьер-Министрi Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар өкiмдер шығарады. 
3. Үкiметтiң қаулылары және Премьер-Министрдiң өкiмдерi Конституцияға, заң актiлерiне, Республика Президентiнiң жарлықтары мен өкiмдерiне қайшы келмеуге тиiс.

 

70-бап

2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) 
1. Үкімет жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің алдында өз өкілеттігін доғарады.

Республиканың Премьер-Министрі жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында Үкіметке сенім туралы мәселе қояды. Мәжіліс сенім білдірген жағдайда, егер Республика Президенті өзгеше шешім қабылдамаса, Үкімет өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді. 
2. Егер Үкiмет және оның кез келген мүшесi өздерiне жүктелген мiндеттердi одан әрi жүзеге асыру мүмкiн емес деп есептесе, олар Республиканың Президентiне өз орнынан түсетiнi туралы мәлiмдеуге хақылы. 
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) 
3. Парламент Мәжілісі немесе Парламент Үкіметке сенімсіздік білдірген жағдайда Үкімет орнынан түсетіні туралы Республика Президентіне мәлімдейді. 
4. Орнынан түсудi қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселенi Республиканың Президентi он күн мерзiмде қарайды. 
5. Орнынан түсудi қабылдау Үкiметтiң не оның тиiстi мүшесiнiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi. Премьер-Министрдiң орнынан түсуiн қабылдау бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi. 
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) 
6. Үкiметтiң немесе оның мүшесiнiң орнынан түсуi қабылданбаған жағдайда Президент оған мiндеттерiн одан әрi жүзеге асыруды тапсырады. 
7. Республиканың Президентi өз бастамасы бойынша Үкiметтiң өкiлеттiгiн тоқтату туралы шешiм қабылдауға және оның кез келген мүшесiн қызметтен босатуға хақылы. Премьер-Министрдi қызметiнен босату бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi.

 

VI БӨЛIМ 
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС

 

71-бап

1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi жетi мүшеден тұрады, олардың өкiлеттiгi алты жылға созылады. Республиканың экс-Президенттерi құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестiң мүшелерi болып табылады. 
2. Конституциялық Кеңестiң Төрағасын Республиканың Президентi тағайындайды және дауыс тең бөлiнген жағдайда оның даусы шешушi болып табылады. 
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) 
3. Конституциялық Кеңестің екі мүшесін - Республика Президенті, екі-екі мүшеден тиісінше Сенат пен Мәжіліс тағайындайды.
Конституциялық Кеңес мүшелерінің жартысы әрбір үш жыл сайын жаңартылып отырады. 
4. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшесiнiң қызметi депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге да ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiкпен айналысумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды. 
5. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiн өздерiнiң өкiлеттiгi мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттердi қоспағанда, Парламенттiң келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. 

6. Конституциялық Кеңестiң ұйымдастырылуы мен қызметi конституциялық заңмен реттеледi.


72-бап

1. Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Премьер-Министрдiң өтiнiшi бойынша: 
1) дау туған жағдайда Республика Президентiнiң, Парламент депутаттарының сайлауын өткiзудiң дұрыстығы және республикалық референдум өткiзу туралы мәселенi шешедi; 
2) Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестiгiн Президент қол қойғанға дейiн қарайды. 
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды 
2-1) Парламент және оның палаталары қабылдаған қаулылардың Республика Конституциясына сәйкестігін қарайды; 
3) Республиканың халықаралық шарттарын бекiткенге дейiн олардың Конституцияға сәйкестiгiн қарайды; 
4) Конституцияның нормаларына ресми түсiндiрме бередi; 
5) Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде қорытындылар бередi. 

2. Конституциялық Кеңес соттардың өтiнiштерiн Конституцияның 78-бабында белгiленген реттерде қарайды. 
ҚР Конституциялық Кеңесінің 03.07.00 ж. N 15/2; 13.12.01 ж. N 19/2 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз 


73-бап

1. Конституциялық Кеңес Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 1)-тармақшасында көрсетiлген мәселелер бойынша өтiнiш жасалған ретте, Президенттiң қызметiне кiрiсуi, Парламенттiң сайланған депутаттарын тiркеу не республикалық референдумның нәтижелерiн шығару тоқтатыла тұрады. 
2. Конституциялық Кеңес Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 2) және 3)-тармақшаларында көрсетiлген мәселелер бойынша өтiнiш жасалған ретте, тиiстi актiлерге қол қою не оларды бекiту мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады. 
3. Конституциялық Кеңес өтiнiштер түскен күннен бастап бiр ай iшiнде өз шешiмiн шығарады. Егер мәселенi кейiнге қалдыруға болмайтын болса, Республика Президентiнiң талабы бойынша бұл мерзiм он күнге дейiн қысқартылуы мүмкiн. 
4. Конституциялық Кеңестiң шешiмiне толығымен немесе бiр бөлiгiне Республика Президентi қарсылық бiлдiруi мүмкiн, бұл қарсылық Конституциялық Кеңес мүшелерi жалпы санының үштен екiсiнiң даусымен еңсерiледi. Президент қарсылығы еңсерiлмеген жағдайда, Конституциялық Кеңестiң шешiмi қабылданбады деп есептеледi.


74-бап

1. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не, тиiсiнше, бекiтiлмейдi және күшiне енгiзiлмейдi. 

2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) 
2. Конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің күші жойылады және қолданылуға жатпайды. 
3. Конституциялық Кеңестiң шешiмдерi қабылданған күннен бастап күшiне енедi, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, түпкiлiктi болып табылады және шағымдануға жатпайды. 
ҚР Конституциялық Кеңесінің 13.12.01 ж. N 19/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз 


VII БӨЛIМ 
СОТТАР ЖӘНЕ СОТ ТӨРЕЛIГI

ҚР 07.10.98 ж. N 284-1 Заңымен 75-бап өзгертілді 

 

75-бап

1. Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады. 

ҚР Конституциялық Кеңесінің 15.02.02 ж. N 1 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз 
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) 
2. Сот билiгi сотта iс жүргiзудiң азаматтық, қылмыстық және заңмен белгiленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады. Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот iсiн жүргiзу алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылады. 
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) 
3. Заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты, Республиканың жергілікті және басқа да соттары Республиканың соттары болып табылады. 
4. Республиканың сот жүйесi Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен белгiленедi. Қандай да бiр атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берiлмейдi. 
ҚР Конституциялық Кеңесінің 2006.14.04. N 1 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз 

 

76-бап

1. Сот билiгi Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзiне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етудi мақсат етiп қояды. 
2. Сот билiгi Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының негiзiнде туындайтын барлық iстер мен дауларға қолданылады. 
3. Соттар шешiмдерiнiң үкiмдерi мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi болады. 
ҚР Конституциялық Кеңесінің 22.03.99 ж. N 7/2; 20.12.00 ж. N 21/2 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз 


77-бап

1. Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және Конституция мен заңға ғана бағынады. 
2. Сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi соттың қызметiне қандай да болсын араласуға жол берiлмейдi, және ол заң бойынша жауапкершiлiкке әкеп соғады. Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi. 
3. Заңды қолданған кезде судья төмендегi принциптердi басшылыққа алуға тиiс: 
1) адамның кiнәлi екендiгi заңды күшiне енген сот үкiмiмен танылғанша ол жасалған қылмысқа кiнәлi емес деп есептеледi; 
2) бiр құқық бұзушылық үшiн ешкiмдi де қайтадан қылмыстық немесе әкiмшiлiк жауапқа тартуға болмайды; 
3) өзiне заңмен көзделген соттылығын оның келiсiмiнсiз ешкiмнiң өзгертуiне болмайды; 
4) сотта әркiм өз сөзiн тыңдатуға құқылы; 
5) жауапкершiлiктi белгiлейтiн немесе күшейтетiн, азаматтарға жаңа мiндеттемелер жүктейтiн немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың керi күшi болмайды. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейiн ол үшiн жауапкершiлiк заңмен алынып тасталса немесе жеңiлдетiлсе, жаңа заң қолданылады; 

6) айыпталушы өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi емес; 
7) ешкiм өзiне-өзi, жұбайына (зайыбына) және заңмен белгiленген шектегi жақын туыстарына қарсы айғақ беруге мiндеттi емес. Дiни қызметшiлер өздерiне сенiп сырын ашқандарға қарсы куәгер болуға мiндеттi емес; 
8) адамның кiнәлi екендiгi жөнiндегi кез келген күдiк айыпталушының пайдасына қарастырылады; 
9) заңсыз тәсiлмен алынған айғақтардың заңды күшi болмайды. Ешкiм өзiнiң жеке мойындауы негiзiнде ғана сотталуға тиiс емес; 
10) Қылмыстық заңды ұқсастығына қарай қолдануға жол берiлмейдi. 
4. Конституциямен белгiленген сот төрелiгiнiң принциптерi Республиканың барлық соттары мен судьяларына ортақ және бiрыңғай болып табылады. 
ҚР Конституциялық Кеңесінің 10.03.99 ж. N 2/2; 20.12.00 ж. N 21/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз 


78-бап

Соттардың Конституциямен баянды етiлген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiретiн заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қолдануға хақысы жоқ. Егер сот қолданылуға тиiстi заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт Конституциямен баянды етiлген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiредi деп тапса, iс жүргiзудi тоқтата тұруға және осы актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгiнуге мiндеттi.


79-бап

1. Соттар тұрақты судьялардан тұрады, олардың тәуелсiздiгi Конституциямен және заңмен қорғалады. Судьяның өкiлеттiгi тек заңда белгiленген негiздер бойынша ғана тоқтатылуы немесе кiдiртiлуi мүмкiн. 
2. Судьяны тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттердi қоспағанда, Республика Жоғары Сот Кеңесiнiң қорытындысына негiзделген Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсiмiнсiз не Конституцияның 55-бабының 3)-тармақшасында белгiленген жағдайда, Сенаттың келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. 
3. Республиканың жиырма бес жасқа толған, жоғары заң бiлiмi, заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар және бiлiктiлiк емтиханын тапсырған азаматтары судья бола алады. Республика соттарының судьяларына заң бойынша қосымша талаптар белгiленуi мүмкiн. 
4. Судьяның қызметi депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiкпен айналысумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.


80-бап

Соттарды қаржыландыру, судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi және ол сот төрелiгiн толық әрi тәуелсiз жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге тиiс.

2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 81-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) 


81-бап

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық, қылмыстық, жергілікті және басқа да соттарда қаралатын өзге де iстер жөнiндегi жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген iс жүргiзу нысандарында олардың қызметiн қадағалауды жүзеге асырады, сот практикасының мәселелерi бойынша түсiнiктемелер берiп отырады.

ҚР 07.10.98 ж. N 284-1 Заңымен 82-бап өзгертілді; 2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 82-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) 


82-бап

1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын және судьяларын Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесіне негізделген Республика Президентінің ұсынуымен Сенат сайлайды.
2. Жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен судьяларын Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесі бойынша Республика Президенті қызметке тағайындайды.

3. Соттарда конституциялық заңға сәйкес сот алқалары құрылуы мүмкін. Сот алқалары төрағаларына өкілеттіктер беру тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.
4. Жоғары Сот Кеңесі Республика Президенті тағайындайтын Төрағадан және басқа да адамдардан құралады.
5. Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі және жұмысын ұйымдастыру заңмен белгіленеді. 
ҚР Конституциялық Кеңесінің 05.07.00 ж. N 11/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз 



Просмотров: 1766 | Добавил: Хан | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: